Өскеменде жолдарды жөндеуді тәуелсіз зертхана өкілдері бақылайды

Жолдар
10:42 12 июня 2024

Сонымен қатар, жол жөндеу сапасын қоғам белсенділері де қадағалайды. Осы жазда облыс орталығындағы орташа жөндеу жұмыстары 38 учаскеде жүргізіледі, барлық жұмыстарды тамыз айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.

 - 2024 жыл — Шығыс Қазақстанда Жолдар жылы деп жарияланды, - деп еске салды қала әкімі Жақсылық Омар. - Яғни, жолдарды жөндеуге көбірек қаржы қарастырылған.

Өскеменде орташа жөндеуді 38 учаскеде жүргізу көзделген, бірінші кезеңде тиісті  жұмыстар оның 29 –ында  жүзеге асырылады.

Қала басшысының мәліметінше, жолдарда алты мердігер ұйым жұмыс істейді, әзірге оларға шағым жоқ.

- Биыл біз Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен тығыз жұмыс істейміз, олармен шарт жасастық, - деп қосты Жақсылық Мұқашұлы. - Зертхана мамандары бізбен бірге нысандарға барады. Сондай-ақ, тексеруді "Әділдік жолы" РҚБ облыстық филиалының өкілі Әділ Пшенов жүзеге асырады.

Әділ Пшеновтың пікірінше,   жол жөндеу сапасын бағалауға әлі ерте, өйткені көптеген учаскелерде тек жабынның бірінші қабаты төселген.

 - Біз бюджет қаражатының мақсатына жұмсалуын бақылаймыз, - деп түсіндірді Әділ Серікұлы.

Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыстық филиалы қызметкерлерінің өз міндеті бар.

- Мониторинг барысында нысандағы катоктардың  санын, олардың жылдамдығын тексереміз, - деп түсіндірді филиал өкілі Саяхат Сабуров. - Біз ҚМА температурасын өлшейміз. Ол кем дегенде 130 градус болуы керек. Біз асфальт қоспасының сынамаларын алып, сараптамаға жібереміз.

Айта кетейік, мамандар орташа жөндеу жүргізілген Чехов көшесінің учаскесінде асфальттың қалыңдығы нормадан жоғары деген қорытындыға келді.