Өскеменде үйлердің қасбеттерін бояу жұмыстары белсенді жалғасуда 

Абаттандыру
11:28 24 маусым 2024

20 маусымда Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қаланы аралау барысында Қазақстан көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Естеріңізге сала кетсек,  Қабанбай батыр көшесінен Мызы көшесіне дейінгі телімде  қасбеттерді жөндеу, тас төсеу және т.б. ауқымды абаттандыру жүріп жатыр.

Жұмыс   "Таза Қазақстан" акциясының аясында жүргізілуде. 

- "Таза Қазақстан" - бұл сенбіліктер ғана емес, іс-шаралар кешені, - деп атап өтті облыс орталығының басшысы. – Президентіміздің бастамасын қолдау үшін біз бұл акцияға кешенді тәсілмен кірісуді шештік. Бірінші бағыт – сенбіліктер, көшелер мен даңғылдарымызды тазалау болса, екінші бағыт – үйлердің қасбеттерін жөндеу. Бізде қасбеттері тозып тұрған үйлер жеткілікті, біз биыл оларды жөндеуге бағытталған бағдарламаны  жалғастыруды шештік. 

Айта кетейік, қазір қалада 40 көпқабатты үй ретке келтірілуде.

Үшінші бағыт ретінде әкім қолданыстағы саябақтар мен скверлерді жөндеуді атады. Төртінші бағыт - қаланың ескі бөлігін қалпына келтіру. 

Бізде 1950-жылдары салынған үйлер бар. Ол металлургтер мәдениет сарайы жақтағы үйлер, - деп түсіндіреді Жақсылық Мұқашұлы. – Біз ол жақта ескі ғимараттардың сәулет келбетін сақтай отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.  Сондай-ақ сол жақта сквер жасаймыз. 

Аталған жұмыстардың барлығын қала күніне дейін (30 тамыз) аяқтау жоспарлануда.