Өскеменде 1 мамыр мейрамы ерекше  атап өтілді

Қалада демалу
12:35 02 мамыр 2024

Қазақстан халқының бірлігі күнін сол жағалаудағы саябақта өткізуге тіпті нөсер жауын да кедергі болмады. Этномәдени бірлестіктер ұлттық киім киген қонақтарды қарсы алды. Өскемендіктер ШҚО-да тұратын этностардың кейбір салт-дәстүрімен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Алдыңғы күні 1 мамырға жасалған ауа райы болжамы көңілді көншітпеп еді, күні бойы жаңбыр жауады деп күтілген. Этносаябақта өтпек мерекені тоқтатпауға  ұйғарылды, алайда,  оны әдеттегіден басқаша өткізді.  

Бүгін үлкен концерт өткізбейтін болдық, - деп түсіндірді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит. — Қазір көптеген облыстарда адамдар баспанасыз қалды, сондықтан ауа райы болжамын ескере отырып, мерекені барынша үнемді өткізуді жөн көрдік. Іс-шаралардың көпшілігі шатырдың астына ауыстырылды. Сол жағалау саябағы барлық этникалық үйлерді дайындады. Олардың есігі жұртшылық үшін ашық болды.

Бұл күні саябақтың адамдар ең көп жиналған бөлігі этноауыл болғаны заңды да. 

- Бірлік күні біз бірге өмір сүруді, жұмыс істеуді және қуануды, ерекше мәдениетті қалыптастыруды, қонақтарды қарсы алуды білетінімізді көрсеткіміз келді, — дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Эльдар Төлеубеков. — Менің ойымша, 1 мамыр - Бірлік күні - біздің ең маңызды мерекеміз. Бүгін біз өзімізді шығармашылық және күнделікті тұрмыс жағынан көрсетуді шештік. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімнің мемлекеттік саясатын мәдениет арқылы жүргізеді. Ресми отырыстарда патриотизм туралы құр сөйлеуден гөрі осылай жақсы және дұрыс деп санаймыз. Біз әртүрліміз, бірақ Қазақстан бәрімізді біріктіреді.

Әрбір ұлтқа тән үйдің жанынан келген қонақтарды диаспора өкілдері халық әндерімен, билерімен, тәтті тағамдарымен қарсы алды. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер де өз ұлтының өкілдеріне ықыласпен қосылды. Ирина Смит өзінің ағылшынша тегіне қарамастан, украин әндерін шырқады. Оның отбасы Харьков облысынан шыққан екен. Өскемендік көлік компаниясының басшысы Михаил Чайка еврейлер үйінің табалдырығын аттаған қонақтарды кеудеше мен кипа киіп қарсы алды.

ВИДЕО

Мерекелік «қонаққа бару» заңды түрде қазақтың шашу рәсімінен басталды.  Бұлттардың  қоюланып төмен түсуіне қарамастан, мерекеден құр қалғысы келмеген қала тұрғындарына  қазақтың көңілі шат апалары уыстап-уыстап  кәмпит шашты. Қонақтар шеруін ШҚО және Өскемен қаласының әкімдері басқарды. Біздің өңіріміздің басшысы Ермек Көшербаев нағыз полиглот екені белгілі болды. Ол барлық диаспора өкілдерін олардың  өз тілінде құттықтады.

Әрбір этномәдени бірлестік ұлттық салт-дәстүрдің немесе әдет-ғұрыптың қандай да бір түрін көрсетті. Орыс лашығында бәрін нан мен тұзбен қарсы алды. Қонақтар поляк пен еврейдің үйлену тойының куәсі болды. Әзірбайжандар да үйлену рәсімінің бірін көрсетті: қыздың құрбылары қалыңдықты қынамен өрнектеп бояды. Ал қазақтың киіз үйінде құдаларды қарсы алды. 

Бұл күні дәмін татып көрмеген ешқандай тағам қалмады! Грузинше хинкали, еврейше матцо, беларусша драник, украинша вареники. Тіпті «дойче бауырсақ» та болды. Шығысқазақстанық немістер өздерінің томпақ кребли-шелпегін осылайша атапты. Бұл атау жиналғандарды көңілдендіріп сала берді. Дәмі шынымен де ұқсас болды. Жалпы, бұл күні саябақтан аш шығу мүмкін емес еді.  Ауада  палау, кәуәп, гүлдеген алма  мен мойылдың хош иістері араласып, серуендеушілердің есін алды. 

Биыл алғаш рет жаңа тәжік этномәдени бірлестігінің тұсауы кесілді. Оның қатарға қосылғанына  бір жыл болды. Тәжіктер этноауылда әлі ұлттық үйін салған жоқ, оны жергілікті диаспора есебінен жасамақ. 

Ал қонақтар корей үйіне жеткенде табиғат ұлттық бояудың тағы бір бөлігін көрсетуді жөн көрді. Аспан түбі тесіліп кеткендей, нағыз тропикалық жаңбыр құйып кетті. Сол кезде барлық қатысушыларға кәріс үйінің неге сонша ұзын және кең дәлізі болатыны белгілі болды. Корея - ылғалдылығы жоғары жер. Сондықтан кәріс үйі түрлі ұлт өкілдеріне нөсерден пана бола алды. 

Жалпы, этноауылдағы мереке этносаралық достықтың нағыз салтанатын көрсетіп берді.