Өскеменде қытайлық автокөлік технологияларын үйрететін Қазақстан үшін бірегей шеберхананың жұмысы өркендеп жатыр

Ақылды қала
12:08 01 мамыр 2024

Шеберхана ежелгі қытайлық мифтік қаһарман Лу Банның атымен аталған және Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында орналасқан. Оны өткен жылдың соңында ашты, қазір шеберхана зертханаларында 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

Техникалық университеттің академиялық қызмет департаментінің директоры Самат Байгереевтің айтуынша, шеберхана студенттері қытай автомобильдерін өндірумен және жөндеумен байланысты әлемдегі ең перспективалы мамандықтарға ие болады.

Шеберхананың жұмыс бағыты сұраныстарды ескере отырып таңдалды, өйткені елімізде қытайлық автокөліктердің саны артып келеді, сондықтан Қазақстан үшін жобаның өзектілігі жоғары, - деп атап көрсетті Самат Рақымғалиұлы. – Осы саланың мамандарын дайындау керек. Қазір студенттер «көлік техникасы және технологиясы» және «тасымалдауды, қозғалысты және көлікті пайдалануды ұйымдастыру» деген екі мамандық бойынша оқып жатыр. Қазір шеберханада 400 адам білім алуда. Студенттерге 20-дан астам оқытушы, оның ішінде Қытайдан келген өкілдер де сабақ беруге қатысады. Біз «Astana Motors», «Allur», «QazTehna» сияқты ірі автомобиль зауыттарымен белсенді ынтымақтасамыз, олармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Департамент басшысының айтуынша, шеберхана Қазақстан үшін бірегей және де төрт зертханадан тұрады, себебі жобаның қағидаты бойынша студенттер тек теорияны оқып ғана қоймай, тәжірибе арқылы да жаңа білім алуы керек. Студенттердің қарамағында  электр қозғалтқышты және гибридті екі қытай көлігі бар. Қозғалтқыштардың ерекшеліктерін осы машиналар арқылы немесе электр қозғалтқышының жұмыс істеу принциптері және оның параметрлері көрінетін арнайы текшелерде зерттеуге болады. Тағы бір текшеде студенттер диагностика мен жөндеу жұмыстарын жүргізе алатын бұл көліктердің батареяларын зерттейді. Тағы бір оқу платформасы заманауи қытай көліктерінің жарықтандыру жүйелерін зерттеуге арналған. Текшеде жүйелерді диагностикалауға және олардың жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады.

- Бұл өте керемет, Қытай тарапы ұсынған өте жақсы база, - деп Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ үшінші курс студенті Диас Исақанов шеберханадағы сабақтарынан алған әсерімен бөлісті. - Біз барлық материалды теориялық және іс жүзінде зерттей аламыз. Әдістемелік құралдар орыс тіліне аударылған, сол арқылы біз агрегаттарды құрастырып, бөлшектей аламыз. Біздің барлық базамыз толық құрамда. 

Бұл зертханадан басқа цехта смарт-технологиялар зертханасы бар. Онда студенттер машиналар бір-бірімен және жол инфрақұрылымымен байланыса алатын автокөліктерге арналған заттардың интернет технологияларын оқиды.  

Зертханада интеллектуалды жүйелерді пайдалана отырып, жол қозғалысын ұйымдастыруға арналған платформа бар. Онда автокөлік үлгілері арнайы жасалған көше макетінде бір-бірімен өзара әрекеттеседі. Сондай-ақ, мұнда студенттер практикалық және зертханалық жұмыстарды орындайды, машина мен жүргізушінің жағдайын бақылайтын бергіштері бар жүргізу симулятор арқылы үйренеді. 

Самат Байгереев атап өткендей, шеберхана жобасын кеңейту жоспарлануда. Оның алаңында пилотсыз машиналарға арналған интеллектуалды автомобиль жүйелерін дамытуға арналған тағы бір шеберхана салынбақ. Нысанның құрылысын жақын арада бастамақ ниеттері бар.