Өскемендегі «Сәулетай» саябағы қайта жаңғырды

Қалада демалу
12:49 24 қазан 2023

Е.П.Славский атындағы жағалау мен Лихарев (Стрелка) көшелерінің қиылысында орналасқан Балалар саябағында қолданыстағы шағын сәулет нысандары жаңартылып, қосымша жаңалары орнатылды.

Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің мәліметінше, «Сәулетайда» мобильділігі төмен балаларға арналған орындықтар, әткеншектер орнатылып, балалар мен спорт алаңдарына тартан жабыны төселді. Саябақты жаңартуға қаражат қалалық бюджеттен бөлінген.

- Стрелка шағын ауданының бұл бөлігі менің сайлау округіме кіргендіктен, мен тұрғындар үнемі көтеріп келе жатқан өзекті мәселелерге талдау жасадым. Осындай мәселелердің қатарында – «Сәулетай» саябағының жағдайы тұрған болатын, - дейді қалалық мәслихат төрағасы Александр Светаш. - Сайлаушылармен кездесулерде мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары саябақта балаларына бейімделген бірде-бір шағын сәулет нысаны жоқ екенін алға тартқан еді. Міне, нәтижесінде осындай арнайы бейімделген тренажер пайда болды.

Александр Александровичтің айтуынша, бұзақылар саябақтағы бірнеше нысанды зақымдап үлгерген.

- Полицейлер бұл аумақты үнемі бақылауда ұстауы керек деп санаймын. Сонда мұнда тәртіп орнайды, - деп қосты Александр Светаш.