Жамбыл атындағы қалалық саябақ

Мәдени мұра
15:02 09 қазан 2023

Жамбыл атындағы қалалық саябақ

1899 жыл

Орналасқан жері: Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 59

Андреевская көшесі ұзақ уақыт бойы бос жермен аяқталатын. ХІХ-ХХ ғасырдың басында бұл қаланың шеті болған екен.  1899 жылы саяси жер аударылғандар Евгений Петрович Михаэлис, Александр Николаевич Федоров, Орест Федорович Костюриннің бастамасымен бос жерге қалалық бақ салынады. Бақ баяу өсті. Оны үнемі мал таптап кететін.  Жергілікті  әзілқойлар бұл жерді "Үш бұта мен үш шөмеле", - дейтін.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында өсіп келе жатқан бақ қала тұрғындарының танымал демалыс орнына айналады. Жазда үрмелі аспаптар оркестрі ойнап, халық мерекелері өтетін, жазғы театр жұмыс істеді. Бұл театрдың сахнасында әйгілі кеңес әртістері Владимир Зелдин, Мария Миронова және Александр Менакер, Рина Зеленая өнер көрсеткен екен. 

1921 жылы қалалық бақтың орындықтарының бірінде жергілікті әдебиетшілердің "Звено Алтая" әдеби бірлестігін құру идеясы пайда болды деп айтылады. Идеяны "Советская власть" газетінің қызметкері Павел Бахеев қолдаған.  Бұл әйгілі "Орал ертегілерінің" болашақ авторы Павел Бажовтың партиялық лақап аты.

Қазіргі уақытта бұрынғы қалалық саябақ жақсы күтімде және қала тұрғындарының ең сүйікті орындарының бірі болып қалып отыр. Саябаққа кіре берісте 2019 жылы ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылып, саябаққа да соның аты берілген.